Шығыс Қазақстаннан Қытайға бал, балық және ет экспортталмақ
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстаннан Қытайға бал, балық және ет өнімдерін экспорттау мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қытайдың карантиндік қызмет өкілдері мен Қазақстанның ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің өкілдері Өскеменде бас қосып, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Жібек жолын қайта жаңғырту мәселелерін талқылады.
«Бірлескен жұмыстардың нәтижесі сіздердің Мемлекет басшыларыңыздың біздегі «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы Жібек жолын қайта жаңғырту туралы ұсынысын іске асыруға көмектеседі деп үміттенеміз. Бұл облыс Қазақстандаығ балдың 75 пайызын өндіріп отыр. Сондықтан, екіжақты қарым-қатынасты осы өңірден бастап отырмыз», - деді Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Олжас Асаубаев.
Қытай тарапы мұнда ҚХР экспорттаушылары тізбесіне енуі тиіс шығысқазақстандық кәсіпорындардың жұмысымен танысу үшін келгенін атады.
«Бізге мұндағы техникалық талаптардың қалай орындалатынын, санитарлық нормалардың жай-күйін білу маңызды. Өнімнің қауіпсіздігін қадағалау жүйесі жайында тереңірек білгіміз келеді. Бал өнімдерін сертификаттау үшін өндірушілер қандай үдерістерден өтетінін, өнім сапасы қандай критерийлер бойынша анықталатынын түсінуіміз қажет», - деді делегация мүшелері.
Қытай тарапы Шығыс Қазақстанның 10 кәсіпорнына өз елдерінде өнім сатуға мүмкіндік беруге ниетті. Оның алтауы бал, үшеуі балық, біреуі ет өнімдерін шығаратын кәсіпорын болуы тиіс. Шетелдік делегация мен Комитет өкілдері «Пасека» шаруа қожалығы мен «Төре Тоғам» ЖШС-нің базасында болып, бал және балық өнімдерінің өндірісімен танысты.