Шығыс Қытай теңізінде кеме апат дабылын жіберді
ТОКИО. ҚазАқпарат – Қазіргі кезде Жапониядан оңтүстік-батысқа қарай, Шығыс Қытай теңізінде жүзіп жүрген Панама елінің кемесі көмекке шақыру дабылын жіберді. Бұл туралы ҚазАқпарат NHK телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның мәліметінше, кеме Кагосима префектурасының құрамына кіретін шалғайдағы Амами аралдарынан батысқа қарай 185 шақырым жерде жүзіп өткен. Оның бортында 43 адам бар.
Kyodo агенттігінің мәліметінше, кемеде Филиппин елінің 39 азаматы, Жаңа Зеландиядан екі азамат, Австрияның бір азаматы және Сингапурдың бір азаматы бар. 14 тамызда кеме Жаңа Зеландия кемежайынан шығып, Қытайға қарай жүзген.
Жапонияның жағалаудағы күзет қызметі кеменің апатқа ұшырауы ықтимал аумаққа өз кемелері мен тікұшақтарын жіберді.