ШЫҒЫС МОНШАСЫ
Шығыс моншасының аумағы әр қилы әрі атқаратын қызметі жағынан да әр түрлі, әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі бар тоғыз бөлмеден тұрады. Қасбеттерінің сәндік әшекейлері болмағанымен, құрылыстағы бірнеше күмбез бен ашық бастырма Шығыс моншасының жалпы келбетіне әдемі әр береді.
Шығыс моншасының үстіңгі жақ бөлігінде «балқы» күмбезімен жабылған кіре беріс бөлме, негізгі жуынып-шайынатын кең зал - ортасында сегіз қырлы тапшаны бар сегіз қырлы зал, салқын және ыстық суағарлары бар залдар, тағы басқа бөлме-орындар орналасқан. Су құяр суағарларға ашық тесік арқылы келіп жетеді. Моншаның ішкі жағы сыланған. «Ыстық» залында жуынатын адамның денесін сылауға (массажға) арналған кең тапшаны бар. Тапшандар мен едендерінің аумағы 1,5 x 08 метр мәрмәр қалақтаспен өріліп төселген. Түтін жүретін көмейі мен жылытатын құрылымы еденнің астыңғы жағына орналасқан. Оттықтан шығатын жылу негізгі үлкен залдың сегіз қырлы тапшаны астыңғы жағындағы күмбезді дөңгелек көмейге ағылып келеді де, сол тұстан шеңбер тәрізді арналар жүйесі арқылы басқа бөлмелерге таралады. Ал арналарда жылудың жылдам таралуын тез қамтамасыз ететін арнайы жасалған құдықтары бар. Едендердің еңкіш төсемелері кір-лас суды жинап, оны сыртқа қарай ағызуға мүмкіндік туғызады.
Шығыс моншасы 1979 жылы жаңартылып, қайта қалпына келтірілген.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 9 том.