«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының сарбаздары түнгі атыс-жаттығуларына машықтанды

Күннің ыстығына қарамастан 1- ші мотоатқыштар батальонының жеке құрамы, оның ішінде үш мотоатқыштар ротасы, минаатқыш батареясы және атуды қолдау ротасы әскери бөлімнен 45 км жерде орналасқан «Изенді» оқу-жаттығу полигонына барып, аталған ауданға қажетті әскери техникаларды жөнелтті. Жауынгерлер далалық жағдайда бір апта уақытын өткізеді. Түнгі уақытта олар АК-74 және Драгунов мерген винтовкасынан атуды орындады. Күндіз тактикалық-саптық жаттығулар мен әскери көліктерді жүргізуге кірісті. Осылайша, жеке құрам өзінің жауынгерлік даярлығын нығайтып, күндізгі және түнгі уақыттағы далалық жағдайда жауынгерлік тапсырмаларды орындауға бейімделеді. «Осындай далалық жаттығулар бөлімшелер командирлері үшін ерекше тәжірибелік сабақ болып табылады. Олар жеке құраммен ұрыс іс-қимылына келтірілген жағдайларда жұмыс істеп үйренеді; жауынгерлер үшін бағыт-бағдар беретін, үлгі саналатын командирдің күрделі тапсырмаларының қыр-сырын үйренеді. Кез-келген операцияның сәтті аяқталуы командирдің іс-қимылының дұрыстығына байланысты», - деп «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы атап өтті.