Шығыс пен батыстың даму моделі екі түрлі - саясаттанушы Камал Бұрханов

АЛМАТЫ. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Әлемде жалғыз ғана даму жолы жоқ. Теория жағынан болсын, тәжірибе жағынан болсын бұл мүмкін емес. Бүгін Алматыда өткен "Шығыс-Батыс дилеммасындағы қазақстандық даму жолы" деп аталатын кітаптың тұсаукесерінде қос автордың бірі ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, саясаттану ғылымының докторы Камал Бурханов осылай айтты.

Шығыс пен батыстың  даму моделі екі түрлі - саясаттанушы Камал Бұрханов

"Әлемде әртүрлі халықтар бар. Олардың дәстүрі, діні, ділі әрқилы. Сондықтан әрқилы даму жолы бар. Мәселен өткен ғасырдың бас кезінде даму қарқыны жағынан Еуропадан айтарлықтай артта қалған шығыс елдері аз уақыттың ішінде оларды қуып жетті. Олар өз құндылықтарына сүйеніп отыр. Шығыс елдерінде де өзіндік демократия мен экономика бар. Бұл еңбекте біз оқырманға осыны ұсынып отырмыз", -дейді Камал Бұрханов.

Саясаттанушы ғалымның айтуынша, тарихта 19-ғасыр Еуропаның, 20-ғасыр АҚШ-тың дәуірі болды деген тұжырымдама бар. 21-ғасыр енді Азия-Тынық мұхиты аймағының ғасыры болмақ. Бүгінгі таңда 2-3-дәрежелі державалар осында шоғырланған. Ол әлемнің жетекші күшіне айналып отыр. Қоғамның мұндағы даму жолы әлемнің ерекше қызығушылығын тудыруда. Қазақстан шығыстың даму жолынан өз үлгісін таба алды. Қазір ол осы бағытта жүріп келе жатыр.