«Шығысқазақстандық кеншілер әлемдегі ең үлкен «БелАЗ» машинасын қолдан құрастырды» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 2 наурыз, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Content Review сараптама агенттігінің анықтауы бойынша Қазақстан мобильді интернеті арзан елдердің рейтингінде 9-орынға көтерілді. Мамандар мұндай нәтижеге 2014 жылғы ішкі жалпы өнім көлемі бойынша үздік 50 елдегі жағдайды сараптау арқылы қол жеткізген.
Аталған агенттік мобильді интернеттің бір гигабайтының құнын пакеттік тарифті негізге ала отырып, бағалағанын айта кетейік. Сарапшылар әр елден осы салада көшбасшы деп саналған бір оператордың қызметін назарға алған. Бұл ретте Қазақстан үшін Kcell байланыс операторының бағалары қолданылды. Барлық бағалар Ресей Федерациясы Орталық банкінің 2016 жылғы 22 ақпандағы бағамы бойынша есептелген.
Сонымен, Қазақстанда мобильді интернеттің 1 гигабайтының құны 165 рубльге (759 теңге) бағаланып, еліміз аталған рейтингте 9-орынға жайғасты. Бұл - 2014 жылғы қыркүйек айындағы көрсеткіштен 4 сатыға жоғары. Алайда, бағалар ол кездегіден еш өзгермегенін атап өткен жөн.
Рейтингтің көш басында Иран тұр. Бұл елде қолданушылар интернеттің 1 гигабайты үшін Hamrah-e-Avval операторына 13 рубль (60 теңге) төлейді. Екінші орынға Ресей табан тіреген. Солтүстіктегі көршіміздің «Мегафон» операторы 1 гигабайтты 117 рубльге (538 теңге) сатып отыр. Ал үздік үштікті Польша түйіндеді. Поляктар T-Mobile операторынан 1 гигабайтты 131 рубльге (602 теңге) сатып алады. Бұл туралы «Мобильді интернеті арзан елдер» деген материалда басылды.
Бас басылымда «Кеншілер қолдан құрастырған алып «БелАЗ» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Шығысқазақстандық кеншілер әлемдегі ең үлкен жүк көлігі «БелАЗ» машинасын қолдан құрастырып шықты. Ауыр жүк көлігі өңірдегі Бақыршық тау-кен байыту кәсіпорнына қарасты кен орындарының бірінде пайдаланылады.
Өскеменге аталған ауыр жүк көлігінің бөлшектері төрт теміржол платформасы арқылы жеткізілді. Оны құрастырудың өзі екі жарым аптаға созылды. Әрине, автозауыттарға бұл үйреншікті жұмыс болса, кеншілер үшін түп-тамырымен жаңа іс. Қараған жанға бүкіл жұмыс үдерісі ЛЕГО құрастырмасын еске салады. Алайда, бұл ойыншық емес, атан түйеге жүк боларлық ауыр бөлшектер ғой! Мәселен, дөңгелектің диаметрі 3 метрден асса, кейбір автобөлшектер 10 тоннадан да артық салмаққа ие. Көлемі зәулім үйдей жүк көлігінің өзі 135 тоннаға тең.
- Бір жүк көлігін құрастыруға орта есеппен 2,5 апта жұмсалса, 10 шақты күнде қораптағы дәнекерлер жұмыстары аяқталып, 3 аптадан кейін толығымен дайын болады. Көлікті 100 сағаттық жүргізіп тексеруден кейін пайдалана беруге болады, - дейді тау-кен байыту кәсіпорнының бас директоры Юрий Овчинников.
***
«Бүгінгі жастың күндердің күнінде қария болатыны, оның да самайына ақ түсетіні анық. Сондықтан қартаю мәселесіне де көз жүгіртіп қойғанымыз артықтық етпес»,-деп жазады «Айқын» газеті.
Мәселен, БҰҰ сарапшылары да, отандық демографтар да Қазақстан халқының қартайып келе жатқанын бірнеше рет айтып, дабыл қаққан. Олардың болжамы қандай? Бүгінде тұрғындардың ерте қартаймауы үшін қандай жағдай жасалып отыр?
Мысалы, бізде геронтологиялық және гериатриялық мәселелер әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, заңдық қорғау, білім беру жүйесінде тиісінше шешілді деп айта алмаймыз. Олай дейтініміз, Қазақстанда егде тартқан адамдарға қатысты нақты стратегиялық жоспар жоқ. Ал БҰҰ-ның сарапшылары Қазақстанды тез қартаюшы мемлекеттердің қатарына жатқызған. 2050 жылға қарай елімізде қарттардың саны 2,5 есе, яғни 25 пайызға өседі деп болжап отыр. Қазір елімізде орта жас - 70. Қазақстанда халықтың басым бөлігі, яғни 68 пайызы 15-64 жас аралығындағы жандар болса, 25 пайызы - 0-14 жастағы жеткіншектер, ал 7 пайызы - 65 және одан үлкен жастағылар. Бірақ жасы 65-тен асқандардың саны бізде ТМД елдерімен салыстырғанда аздау екен. Бұл жайында «Қарияларға қамқорлығымыз аз» деген мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда «Әдеби агент - рухани құндылықты насихаттаушы» деген тақырыппен қазақ әдебиетінің жауһарларын әлемге танытуға талпынып жүрген Бақтыгүл Маханбетовамен болған сұхбат жарияланды.
Әдеби агент кім? Оның атқаратын функциясы қандай? Елімізде әдеби агенттік дамыған ба? Қазақ әдебиетінің, қазақ қаламгерлерінің насихаты неге кемшін? Джоан Роллингтің бір ғана «Гарри Поттері» авторға миллиондаған пайда әкелді. Не себепті? Өйткені Роллингтің әдеби агенттері оның тауар ретінде қыруар қаржы табуына жұмыс істеуде.
«Гарри Поттерді» он орап алатын қазақтың көркем әдебиеті шаң басып, баспаханада жатыр. Демек, қазақ әдебиеті табыс таба алмайды деген сөз. Әлде, біз қателесеміз бе? Марат Ахмеджанов пен Бақтыгүл Маханбетова болса бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандар»,-деп жазады басылым.
***
«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «Пятница без тормозов» деген материал берілген. Өткен жылғы жол-көлік оқиғаларына талдау жасаған Kompetenz сақтандыру компаниясының мәлімдеуінше, автокөлік иелері үшін аптадағы ең қауіпті күн ретінде жұма белгіленіп отыр. Сонымен қатар олар жүргізушілерді әсіресе кешқұрым абай болуға шақыруда. ЖКО-лардың басым бөлігі 17:30-дан 20:00 аралығында болады екен. Ал ең ауыр жол-көлік оқиғалары 23:00-ден 5:00 кезінде орын алады, себебі осы уақытта жолдарда көліктер аз болғандықтан, жүргізушілер жылдамдықты шектен тыс асырып жібереді. Мұнымен қоса, жаз кезінде соқтығысатын көліктердің салдары ауырлау болады екен.