Шығысқазақстандықтар шығыны аз үй тұрғыза бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығысқазақстандықтар шығыны аз үй тұрғыза бастады. Ерекшелігі сол баспана ішіне энергия үнемдегіш қондырғылар орнатылған, деп хабарлады www.24.kz.

Шығысқазақстандықтар шығыны аз үй тұрғыза бастады

Сыртқы жабындысы да суық өткізбейді. Осылайша үй иелері 30 пайызға дейін жылу үнемдеуге мүмкіндік алады. Әрі қажетті материалдың барлығы өз елімізде жасалыпты. Мұндай мүмкіндікті әзірге 59 отбасы пайдалана алады. Кісебаевтардың отбасы көпбалалы. Ринат пен Гүлзат 6 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған. Мемлекеттік бағдарлама бойынша мұндай жайлы баспанаға тез қол жеткіземіз деп ойлаған жоқпыз, дейді олар.

«Бұрын ата-анамызбен бірге жер үйде тұрған болатынбыз. Қазір барлығы жайлы, 4 бөлмелі үйге қол жеткіздік. Балалардың өз бөлмесі бар, қонақ бөлмесі бөлек. Ыстық су, суық су, барлығы ыңғайлы, бізге Алтын алқа, Күміс алқаның ауылы алыс емес», - деді мұғалім Гүлзат Ақанова.

«Қаладан айырмашылығы жоқ, бірдей. Үй жылы. Қазір далада 30 градус суық, соның өзінде үй жылы», - дейді отағасы Ринат Кісебаев.

Әдетте бірінші қабаттағы пәтерлер салқындау болатыны рас. Ал бұл пәтер сақылдаған сары аяздың өзінде жып-жылы. Оның өзіндік құпиясы бар. Бұл үйді жылытатын қазандық жақында қайта жаңғыртылды. Шучинск қаласында шығарылған отандық үнемшіл қондырғы қойылыпты.

«Мұнда көмір аз жағылады. Әдеттегі қазандықтарға қарағанда, 20 пайызға дейін үнемделеді. Жылу жүйесі тігінен орналасқандықтан, аз отынмен көбірек жылу беруге болады», - дейді аудандық ТКШ бөлімінің жетекшісі Руслан Әбдірахманов.

Аудан орталығындағы мұнан басқа да барлық 5 жылу қазандығы жаңартылған. Яғни көпқабатты 8 үй, мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар да үнемшіл жүйемен жылытылады. Тұрғын үй құрылысына облыстық бюджеттен 300 миллион теңге қаражат бөлінген. Әзірге аудан бойынша әлі де 200 отбасы баспанаға мұқтаж. Олардың да мәселесі алдағы жылдары біртіндеп шешіледі деп отыр жауапты мамандар.