Шығыста кене қаупі қыркүйек айына дейін сақталады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат -Шығыс Қазақстанда сәуір айынан бері 3439 адамды кене шаққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыста кене қаупі қыркүйек айына дейін сақталады

Қауіпті жәндіктің шабуылына шағым айтқан адамның саны 3000-нан асса да, өлім-жітім тіркелмеген. Кене энцефалитіне тіркелген 21 жағдай зертхана арқылы расталып отыр. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары олардың барлығы емделіп, жазылып шыққанын айтады.

Кене шабуылы әсіресе Өскемен және Риддер қалаларында, Катонқарағай және Зырян аудандарында көп тіркелген. Мамандардың айтуынша,  аталмыш аудандардағы табиғи демалыс орындарында кене көп таралған.

«Жыл сайын республикалық бюджеттік бағдарлама аясында кене көп таралатын аумақтар көктем мен күз айларында екі рет кенеге қарсы өңделеді. Шығыс Қазақстанда кене қаупі сәуір айының 10-ынан қыркүйек айына дейін сақталады.  Күздегі шабуыл қарқыны көктемге қарағанда бәсең. Бұл бірақ табиғат аясына шығуды сүйетіндерді босаңсытпауы керек» - дейді департамент басшысының орынбасары Альмира Манкутова.