Шылымқұмардың отбасы темекі компаниясынан 23 млрд. доллар өндіріп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қайтыс болған шылымқұмар адамның отбасы темекі компаниясынан 23 млрд. доллар өндіріп алды.

Шылымқұмардың отбасы темекі компаниясынан 23 млрд. доллар өндіріп алды

Американың Флорида штатындағы сот АҚШ-тың R. J. Reynolds Tobacco темекі компаниясына өкпе обырынан көз жұмған шылымқұмар адамның отбасына 23,6 млрд. доллар өтемақы төлеуді міндеттеді, деп жазады шетелдік БАҚ.

Сот ісі 6 жылға созылды. Марқұмның әйелі Синтия Робенсон Темекі компаниясына 2008 жылы шағым түсірген болатын. Оның күйеуі Майкл Джонсон 1996 жылы 36 жасында көз жұмды.

«Джонсон темекі шегуді 13 жасынан бастады. Ол күніне 3 қорап темекі шегетін және өмірінің соңына дейін ол әдеттен арыла алмай кетті», - дейді Синтия Робенсонның адвокаты Крис Честнат.

Адвокаттың айтуынша, темекі компаниясы темекінің зияны туралы ақпаратты адамдарға дұрыс жеткізе алмаған. Ал бұл олқылықтары Джонсонды темекіге әуес қылып, соңында өліміне себепкер болған.

Алдымен қазылар Reynolds Tobacco компаниясы Робинсонның отбасына 16,8 млн. доллар өтемақы төлейді деп шешкен болатын. Кейін 7 сағаттық талқылаудан соң бұл сома 23,6 млрд. долларға ұлғайтты. Жеке тұлғаға бұндай ірі көлемді өтемақы төлеу штат тарихында болмаған көрінеді. Ал Reynolds Tobacco компаниясының заңгерлері соттың бұл шешіміне наразылық білдіріп отыр.