Шымбұлаққа іштен жанатын қозғалтқышы бар автокөліктердің кіруіне тыйым салынды: сарапшылар пікірі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- 2023 жылдың 1 сәуірінен бастап Шымбұлақ аумағына бензин, дизель және газбен жүретін көліктердің кіруіне тыйым салынады. Осыған байланысты бірқатар сарапшы өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мамандардың айтуынша, іштен жанатын сұйық отынды қозғалтқышпен жүретін көліктерге шектеу қоюдың мақсаты – зиянды шығындыларды азайтып, табиғи ресурстар мен қоршаған ортаны тиімді пайдалану.
Логистика және көлік академиясының профессоры, Қазақстанның құрметті көлік қызметкері, Ресей көлік академиясының академигі Еркін Жайлаубековтың сөзінше, «Шымбұлақ» қазақстандық және ресейлік туристер арасында ғана емес, сонымен қатар, алыс шетелден келген қонақтар арасында да дамыған инфрақұрылымы, сапалы сервисі бар демалыс орны ретінде танымал.
«Бүгінде Қазақстан мен Алматы қаласының экологтарын «Шымбұлақ» курорттық аймағының жағдайы алаңдатады. Инфрақұрылымның дамуы, тау шаңғысы туризмі нысандарын жаңғырту мен салуға байланысты көліктен шығатын ластаушы заттар және тұрмыстық қалдықтар табиғатқа кері әсер етеді. Аспалы жол енгізілсе де, курорт аймағына жеңіл автокөліктер мен автобустар кіреді. Аймақта бензин және дизельді қозғалтқышы бар машиналар мен механизмдер жұмыс істейді. Олар курорттық аймақтың ауасын ластайды. «Шымбұлақ» курорттық аймағының ауасын қорғау бойынша белгілі бір іс-шараларды қабылдау қажет.Осындай шараның бірі «Шымбұлақ» аймағына автокөліктің кіруін шектеу болмақ. Көлік экологиясы жөніндегі маман ретінде Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасының «Шымбұлақ» аймағына дизельді және бензинді қозғалтқышы бар автокөліктердің кіруіне тыйым салу туралы бастамасын қолдаймын», - дейді ол.
«Eco Fund Tabigat» ҚҰ, «Kaz Eco Patrol» ӨҚҰ төрағасы, экоамбассадор Тимур Елеусізов Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы дер кезінде және ішінара мәжбүрлі шара ұсынып отырғанын жеткізді.
Ұлттық саябақ аумағында қатаң реттеудің болмауына байланысты экожүйеге немесе адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін көптеген жағдай, оның ішінде төтенше жағдайлар да болды.
«Біз жақында ғана экологиялық сыйымдылық пен төзімділік деген ұғым бар екенін түсіндік - бұл қорғалатын табиғи аумақтарда кейбір әрекетке тыйым салуды білдіреді. Оның себебі бұл экожүйені біртіндеп құртады, содан шетелде ұлттық саябақта бәрі жақсы, бізде неге ондай емес деген мйселе туады. Ұлттық саябақты болашақ ұрпақ үшін бұзылмаған қалпында сақтағымыз келсе, автокөлікпен жүруге тыйым салу керек. Мұны туристерге қатысты айтып отырмын. Ал төтенше жағдай қызметіне кіруге рұқсат. Біз жаяу туризм инфрақұрылымын енгізуге, кеңейтуге тиіспіз. Табиғи саябақтарды сақтауды мақсат тұтсақ, жаяу туризм ұлттық саябақтардың негізгі ұстанымы болуы керек. Сондықтан тарихи тұрғыдан алғанда, көлік логистикасын қажет ететін Медеудегі инфрақұрылымның санын шектеп, сапасын арттыру керек, бұл ішкі жану қозғалтқышы бар электромобильдерге ауысуға қатысты. Бұл жағдайда Медеу саябағы басшылығының бастамасын толығымен қолдаймын. Өз басым автокөліктердің қозғалысына мүлде тыйым салар едім, олар жаяу туристер үшін де қауіпті, бірақ толық алынып тасталмағандықтан, оларды шектеп, электрге ауыстырып, өзара тиімді ымыраға келу керек», - деп өз ойымен бөлісті маман.
Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Solai Tech» ЖШС тең құрылтайшысы Әсет Наурызбаев Кіші Алматы, Үлкен Алматы, Талғар, Ақсай шатқалдарының қаладан көтерілетін түтінді күнделікті тазартуда рөлі зор екенін тілге тиек етті.
«Бұған қоса, бұл шатқалдарда қаланы қамтамасыз ететін жерүсті және жерасты сулары бар, осыған байланысты аталған аймақта құрылыс жүргізуге болмайды. Сонымен қатар ауаны және суды ластайтын автокөліктердің қозғалысын барынша шектеу жөнінде шаралар қабылдануға тиіс. Электр және газбен жүретін мамандандырылған техникаға ғана рұқсат. Аталған шатқалдардағы тұрғын үйді газбен немесе электрмен жылытуға көшіру туралы мәселені жеке шешу қажет, ол үшін сұйытылған көміртекті газ үшін жергілікті газ сақтағышты жабдықтап, оны үйлерге тарату мүмкіндігін қарастыру қажет» ,- деді ол.
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, «ТЕРРА Табиғат» ЖШС бас директоры Наталья Огарь Алматы тауларында Қызыл кітапқа енген өсімдіктер, аң мен құс бар екенін атап өтті.
«Әрине, ластаушы заттар шығаратын автокөліктердің ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кіруін шектеу керек. Бұл мәртебе кезінде біздің тау бөктері мен тұмса табиғаттың бүлінбеген аумақтарын болашақ ұрпақ үшін сақтау мақсатында берілді. Бұл биоәртүрлілікті сақтау тұрғысынан өте маңызды. Бұл аумақта ұя салатын, қоныс аударатын және қыстайтын құстарды қосқанда кемінде 136 түрлі құс кездеседі, 12 тұқымдасқа жататын сүтқоректілердің 25-ке жуық түрі бар. Бұғы, сібір елігі кездеседі. Кеміргіш, тиін, атжалманның түрлері көп. Жыртқыштардан түлкі мен сусар тұқымдас ақкіс және борсық кездеседі. Сусардың сирек кездесетін түрінің бірі ақтөс сусар мекендейді. Қызыл кітапқа кірген өсімдіктердің бірнеше түрі өседі. Сол себепті шектеулер енгізген жөн», - дейді Наталья Огарь.
Бұған дейін «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты аумағына көліктердің кіруін шектеу шартарына өзгеріс енгізілгені туралы жазған болатынбыз.
Еске сала кетейік, бұған дейін сол жердің тұрғылықты тұрғындары мен жекеменшік иелеріне қозғалтқыш типіне қарамастан «Шымбұлақ» ТК аумағына кіруге рұқсат етілетін.
«Казгидромет» РМК ақпаратына сәйкес 2022 жылы Алматы қаласы бойынша атмосфераны ластау индексі 5-ті құраған (жоғары). Жылына 127 мың тонна есептік шығарындылардың 70 мың тоннасы автокөліктерге тиесілі, 46 мың тонна стационарлы ластау көздеріне (оның ішінде ЖЭО-2), шамамен 11 мың тонна – жеке секторға тиесілі. Автотранспорт атмосфераны ластаудың негізгі көзі болып отыр. Қазіргі кезде Алматыда шамамен 560 мың автомобиль тіркелген, (оның ішінде электромобиль саны 958), күн сайын қала аумағына 200 мыңнан астам көлік кіреді. Ал оның 58%-ының қолданыс мерзімі 14 жылдан 40 жылға дейінгі мерзімді құрайды.