Шымбұлақтағы Азиада нысандарының тапсырылу мерзімі желтоқсанға дейін созылып кетуі мүмкін - А.Құлназаров
АСТАНА. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Гүлнәр Жандағұлова/ - Шымбұлақта Азиада нысандары тапсырылу мерзімінен кеш қалуы мүмкін,
деп мәлімдеді «2011 жылғы ҮІІ қысқы Азиада ойындарының ұйымдастырушылық комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ президенті Анатөлі Құлназаров.
«Азиадаға тартылған барлық нысандардың ішінде Шымбұлақпен проблема туындап отыр. Медеу-Шымбұлақ гондола жолының құрылысы уақытында бітпей қалуы мүмкін, дегенмен құрылысшылар дер кезінде бітіреміз деп сендіріп бағуда. Бірақ құрылыс желтоқсанға дейін созылуы мүмкін. Барлығы Шымбұлақтағы ауа райы жағдайына тәуелді болып отыр», - деді А.Құлназаров.
Сондай-ақ оның айтуынша, Астанадағы велотрек құрылысы 1-іне емес, қарашаның 15-інде ғана дайын болатын сыңайлы.