14:15, 21 Тамыз 2020 | GMT +5
Шымкент әкімдігі балалардың жазғы демалысына бөлінген қаржыны қазынаға қайтарады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шымкент әкімдігі балалардың жазғы демалысына бөлінген қаржыны мемлекет қазынасына қайтарады. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алулар заңнамасы департаментінің директоры Сәбит Ахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері департамент директорынан «мемлекеттік сатып алулар сайтында Шымкент әкімдігі шамамен 200 млн теңгеге 6 мың балаға жазғы сауықтыру лагеріне жолдама сатып алу туралы лот орналастырғанын, жазғы лагерь болмағандықтан аталған сатып алудың тағдыры не болатындығын» сұраған еді.
«Біз Шымкент қаласы әкімдігінен карантинге байланысты лагерьлерде ешқандай демалыс болмағандығы туралы ақпарат алдық. Мәслихат шешімімен аталған ақша шешіп алынды. Бұл қызметтердің келісімшарт жасалған әлеуетті жеткізушісіне келісімшарттың бұзылатындығы туралы хабарлама жіберілді», - деп түсіндірді Сәбит Ахметов.