Шымкент Астанадағы жәрмеңкеге қымыз, құрт, шұбат пен бауырсақ әкеледі

Бұл туралы бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков мәлім етті, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Оңтүстік Қазақстан облысының жәрмеңкесі «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығының жанында өтеді. Онда отандық өнімдердің көп түрі әкелінбек. Сонымен қатар қымыз, құрт, шұбат, бауырсақ сынды ұлттық тағамдар ұсынылады.
«Астана қаласында облыс күндерін өткізу дәстүрге айналған. 15-16 қазан күндері Оңтүстік Қазақстан облысының күндері өтпек. Осы күндері облыс делегациясы Астана xалқын өңіріміздің тариxы, мәдениеті және негізгі жетістіктерімен таныстырады. Сонымен қатар «Қазақстанда жасалған» акциясы шеңберінде 300 тоннадан астам ауыл шаруашылығының және кәсіпорын өнімдері жәрмеңкеге шығарылып, жергілікті нарық бағасынан арзан құнмен сатылады», - деді ол.
«Қуатты өңір - қуатты Қазақстан» шарасы аясында ОҚО делегациясы астаналықтарды өңірдің тарихымен, мәдениетімен және негізгі жетістіктерімен таныстырады. 15 қазанда сағат 11.00 ҚР Ұлттық музейінде «Шырайлы Оңтүстіктің шежіресі» атты көрме ашылады. Сондай-ақ, сағат 15.00 ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Ұлысымның ұйытқысы - Оңтүстік» атты кітап көрмесі мен ақын-жазушылар кездесуі өтеді.
Мұнымен қоса, 15-16 қазанда сағат 11-ден 17-ге дейін Оқушылар сарайында «Балаларға - базарлық», «Толағай», «Қазақстан барысы», «Қазақстан бренді», «Қошқар ата мен теке», «Момын және қарақшылар», «Мұңлық - Зарлық», «Нәурізек» анимациялық фильмдері көрсетіледі. 15 қазанда сағат 18-де «Жастар» театрында Ж. Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері С.Досановтың «Тозақ шеңбері» атты спектаклін көпшілік назарына ұсынады.
16 қазанда сағат 12.00 Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық әлеуметтік мекеме және Балалар психоневрологиялық медициналық әлеуметтік мекеме ғимараттарында «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы өтеді. Осы күні Астанада этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Ет асу» фестивалі мен композитор Ш.Қалдаяқовқа арналған ескерткіш орнатуға байланысты белгі қою салтанаты ұйымдастырылады.
Шаралар легі Конгресс-холлда сағат 18.00 «Ән шашуым өзіңе, мерейлі Астанам!» гала-концертімен және «Нұрын шашқан - Оңтүстік» фотокөрмесімен аяқталады.
Сонымен қатар 15-16 қазанда қалалық алаңда Қостанай облысының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өз өнімдерін ұсынады. Шараға өңірдің 14 ауданы мен 3 қаласынан 74 кәсіпорын қатысады. Жалпы көлемі 360 тонна өнімнің 100 астам түрі сатылады.