Шымкент әуежайында 700-ден астам адам жолға шыға алмай отыр
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент әуежайында 700-ден астам әуе рейсін күтіп, адам жолға шыға алмай отыр. Ұшақтар қалың тұманға байланысты ұша алмай тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Сайттағы деректерге қарағанда, әуе рейстерінің тоқтатылуына қалың тұман себеп болған.
Шымкент әуежайынан алынған мәліметтерге қарағанда, 5 рейстің ұшу уақыты кейінге шегерілген. Ұшаққа мінетін жолаушылар саны 324 адам. Елордаға қатынайтын тағы екі ұшақтың ұшуына мүлдем тыйым салынған. Әсіресе Шымкенттен Алматыға сапарлайтын жолаушыларға қиын болды. 134 адам өзінің рейсін таңғы сағат 10:00-ден бері күтіп жүр. Олардың арасында балалар да бар, рейс 12 сағатқа кейінге қалдырылған. Осы себептерге байланысты Шымкент әуежайы адамдарға лық толды.
Бұл жағдайға байланысты Air Astana әуе компаниясының өкілдері де пікір білдірді.
«Ұшып-қону алаңын тұман басып тұр. Жол көрінбейді. Air Astana әуе рейсі таңғы сағат 10:15-те Алматыға ұшуы қажет болатын. Алайда рейс түнгі 00:25-ке қалдырылды. Бұның өзі нақты емес. Өйткені күн райы оңалған жоқ. Рейс 6 сағаттан көпке кешіктірілсе, жолаушылардың билет құнын толықтай алуға құқы бар. Сондықтан көп жолаушылар билеттерін өткізді. Әзірге күн райының оңалатын түрі жоқ. Жолаушыларға ыстық тамақ берілді, қонақүйден орын берілген жоқ, өйткені, жағдйдың бұлай болғанына әуе компаниясы кінәлі емес. Бұл ауа райына байланысты жағдай. Ал билет құнын қайтарып беріп жатырмыз»,-деп хабарлады әуе компаниясының баспасөз қызметі.
Синоптиктердің мәліметінше, тұман 12 қараша күні де сейілмеуі мүмкін. Жол көрінбейді. Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті ескерту жасады.