Шымкент қаласында коронавирус жұқтырған 5000-нан астам науқас ем қабылдауда
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласында коронавирус жұқтырған 5256 науқас емделіп жатыр. Оның 205-і стационарда ем қабылдап жатса, қалғаны үй жағдайында емделуде. Бұл туралы Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жалпы стационарда жатқан 205 науқастың ішінде 6 жүкті әйел мен 18 жасқа дейінгі 29 науқас бар. Оның 24-і жан сақтау бөлімінде жатыр. Ал, 5 науқастың жағдайы ауыр болғандықтан, ИВЛ аппаратарына таңылған.
«Шымкент қаласы қазір жасыл аймақта. Жыл басынан бері коронавирус жұқтырғандардың саны 6646 адам болып отыр. Ал, 1332 адам індеттен толығымен айығып шықты. Өкінішке орай, 56 адам қайтыс болды» - деді Бақытжан Жолдасбекұлы.
Қазіргі таңға мамандандырылған инфекциялық стационарларда барлығы 783 төсек орын бар. Ондағы толымдылық 26%-ды құрайды, 578 төсек орын бос. Инфекциялық стационардың жансақтау бөлімінде 130 төсек орын жасақталған.
Егу науқаны басталғалы барлығы 597 341 адам вакцинацияланған. Оның ішінде 583 468 адам вакцинаның екі компонентін алыпты. Ал, Pfizer вакцинасының I компонентін 46 564 адам, II компонентін 21 738 адам қабылдаған. Сондай-ақ, 112 308 адам ревакцинациялаудан өткен.
«Қалада 45 екпе егу пункті жұмыс жасауда. Бастапқы медициналық көмек бойынша 41 емханада 158 мобильді бригада жасақталған. Олар таңғы сағат сегізден бастап жұмыс істеуде. Науқастарды бақылау, емдеу, дәрі-дәрмек тарату секілді өздеріне бекітілген жұмыстарды атқарып жатыр» - деді Бақытжан Позилов.