Шымкент қаласының әкімі дарынды жастарды марапаттады
Әкімнің қабылдауында болған шымкенттік Мейіржан Шермағанбет Будапешт қаласында грек-рим күресінен өткен Әлем чемпионатында 67 келі салмақ дәрежесінде қола медальді жеңіп алған болатын. Ал, Жайна Шекербекова болса Нью-Делиде өткен Әлем чемпионатында әйелдер боксынан күміс медаль олжалады. Әлемдік дәрежеде жүлделі орындар алған спортшылар ақшалай сыйлықтрға ие болды. Атап айтқанда Жайна Шекербековаға 2 млн теңге, ал Мейіржан Шермағанбет 1,5 млн теңге сыйақы тапсырылды.
Сонымен қатар, күні кеше ғана Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері атанған жастар да әкімікке арнайы шақырылып, марапатталды.
Олардың қатарында бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, әуесқойлар арасындағы бокстан әлем чемпионы (Германия, Гамбург 2017), бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері (Алматы, 2013), бокстан Азия чемпионатының қола жүлдегері (Тайланд, 2015) Қайрат Ералиев пен ОҚМПУ айтыс орталығының жетекшісі Біржан Байтуов, сондай-ақ Қазақстан жас суретшілер Одағының мүшесі, Ы. Алтынсарин атындағы № 65 мектеп-гимназиясының мұғалімі Бауыржан Жетпісалиев пен жергілікті «Айғақ» телерадиокомпаниясының бас редакторы Салтанат Тойболова бар. Қала басшысы дарынды жастарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, оларға алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті.