Шымкент Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына қарап бой түзеп, мегаполиске айналды - Ерлан Айтаханов
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – «Шымкент Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына қарап бой түзеп, мегаполиске айналды. Бұл туралы қала әкімі журналистермен кездесу баысында атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елбасы республикалық статус берген кезде, «Шымкент одан әрі өркендей түседі. Шымкент инвестициялар, технологиялар және интеллектуалдық ресурстарды біздің елге ғана емес, тұтас Орталық Азия аймағына тартатын жаңа орталық болады. Бұған қажет барлық шарттар мен әлеует бар» деп атап өткен болатын. Расында, бұл тарихи шешім климаты жұмсақ, қонақжай қаламыздың орнықты дамуына үлкен серпін берді. Қаланың іскерлік белсенділігі өсіп, ірі мегаполистермен бәсекеге түсетін жол ашылды», - деді Ерлан Айтаханов.
Шым шаһар басшысының сөзінше, бүгінде қала эконоикасына инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде.
«Қалада 2 индустриялық аймақ жұмыс жасайды, олардың жерлері 100% игерілген. Бүгінгі күнге құны 42 млрд теңгеге 67 жоба іске қосылып, 4 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Ашылғалы мемлекеттік бюджетке 16 млрд теңге көлемінде салық түсті. Сонымен қатар, қала бойынша шетелдік инвесторлардың қатысуымен 2,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда»,- деді Шымкент қаласының әкімі.