Шымкент полицейлері балалар үйінің жеткіншектерімен бірге жаттығу жасады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент полициясына қарасты жылдам қимылдайтын арнайы жасақ шаһардағы №4 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен таңғы жаттығу өткізді. Бұл жөнінде өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Шымкент полицейлері балалар үйінің жеткіншектерімен бірге жаттығу жасады

Жастар жылы аясында Шымкент қалалық полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері №4 балалар үйінің жеткіншектерімен бірге таңғы жаттығу жасады. Мұнда 4-тен 18 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді.

«Полицейлер балаларға дене шынықтыру жаттығуларының кешенін көрсетті. Балалар полиция қызметкерлерімен бірге отырып-тұру, еңкею, аяқпен сермеу, секіру секілді іс-қимылдарды бар ынтасымен орындады. Жаттығудан кейін полицейлер жауынгерлік күрес тәсілдерінің элементтерін көрсетіп, балалармен қимыл-қозғалыс ойындарын ойнады. Балалар бос уақытын пайдалы әрі көңілді өткізді» делінген хабарламада.

Іс-шараның мақсаты - балаларды салауатты өмір салтына баулу және дене шынықтыру негіздерін үйрету.

Айта кетейік, полиция қызметкерлері балалар үйіне тұрақты барып тұрады. Спорт жаттығудан басталады, ал тәртіп сақшыларымен жаттығу - еліміздегі құқықтық тәртіп пен ұлт денсаулығының кепілі.