Шымкент-Самара тасжолында үш адам ажал құшты, олардың екеуі - балалар
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жол апатынан екі бүлдіршін мен бір әйел ажал құшты. Қайғылы оқиға бүгін Ордабасы ауданы аумағында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Шымкент-Самара тасжолының 80-ші шақырымында «Опель вектра» көлігінің 1994 жылы туған жүргізушісі қарама-қарсы жолға шығып кетіп, «Лада» көлігімен бетпе-бет соқтығысты. Салдарынан өз жолымен келе жатқан көліктегі 1966 жылы туған әйел мен 10 жастағы екі бала қаза тапты. Ал, көлікті тізгіндеген жүргізуші мен тағы бес жолаушы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Олардың арасында 2 жасар бүлдіршін мен 11 жасар бала бар.
Дәрігерлер қазіргі таңда 23 жастағы жүргізушінің халін «өте ауыр» деп бағалауда. Ол аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде ем қабылдауда.
Тәртіп сақшылары осы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 345 бабы 4-бөлігімен іс қозғап, анықтау жұмыстарын жүргізуде. Бірнеше сараптама тағайындалып, олардың нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.