«Шымкент-Ташкент» тас жолында көлік апатынан 4 адам ажал құшты
Құтқару жасағының ресми өкілі Павел Вишненин хабарлағандай, жол апаты Шымкент-Ташкент тас жолының 11 шақырымында орын алған. «Апат түнде болды. 03:29-да бізге хабарлама түсті де, бірден оқиға орнына шықтық», - деді П.Вишненин. Күре жолда БМВ көлігі мен жүк көлігі соқтығысқан. Жеңіл көлікте 5 адам болған, төртеуі оқиға орнында қаза тапты. Артқы орындықта отырған екі әйелдің денесін апат куәгерлері өздері шығарған. Ал екі ер адамның денесі соққыдан майысқан металға қысылып қалған. Құтқарушылар гидравликалық аспаптың көмегімен олардың денесін алып шықты. Көлікте екі жасар бала да болған. Дәрігерлер оны жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізді. Аталмыш факті бойынша тергеушілер көліктердің соқтығысу себебін анықтауда. Жүк көлігі жүргізушісінің жайы туралы ештеңе хабарланбады.