Шымкент-Ташкент тұрақты автобус бағдары жыл соңына дейін ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл соңына дейін Шымкент пен Ташкент арасында тұрақты автобус қатынай бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «2006 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңға қол қойды. Хаттама автомобиль көлік құралымен жолаушыларды тұрақты, тұрақсыз және транзиттік тасымалдау үшін құқық нормаларын заңдастырады. Атап айтқанда,  Шымкент-Ташкент тұрақты автобус бағдарын ашу, ал келесі жылы екі елдің басқа да ірі қалалары арасында қатынасты реттеу жоспарланған», - деп атап өтілген ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінде.

2000 жылдың басынан бері Қазақстан мен Өзбекстан арасында жолаушыларды автобуспен тасымалдау болмаған. Күнделікті екі елдің мемлекеттік шекарасынан 20 мыңнан астам адам өтеді. Автобус бағдарының ашылуы екі елдің сауда-экономикалық қатынастарының дамуына оң серпін береді деп күтілуде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан арасында жолаушылар тасымалы бойынша тұрақты автобус маршруты жоқтығын айтқан еді.

Бұл өз кезегінде шекараны өту кезінде қолайсыз жағдайға алып келеді.

«Сол себепті Хаттама күшіне енгеннен кейін осы жылы Шымкент-Ташкент қалалары арасында, ал келесі жылы елдердің басқа қалаларымен қатынас бойынша тұрақты автобус бағдарларын ашу жоспарлануда. Екі елдің арасында автобус бағдарларын ашу сауда-экономикалық байланысты одан әрі дамытуға оң серпін береді, сондай-ақ халықтың мобильділігін арттыруға және екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар