Шымкент тұрғыны өзі жұмыс істейтін мекемеге қарақшылық шабуыл ұйымдастырған

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте шағын несие ұйымының қызметкері өзі жұмыс істейтін мекемеге қарақшылық шабуыл ұйымдастырған. Бұл қылмысқа ол ұрлығын жасыру үшін барған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Еңбекші ауданы полиция басқармасының кезекші бөліміне шағын несие беру ұйымына шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Ондағы кассирдің сөзінше, сағат 18.30 шамасында мекемеге көзілдірік және медициналық бетперде киген 30-35 жастағы орта бойлы ер адам кіріп, пышақпен қорқытып, 1 миллион теңгеге жуық ақшаны алып кеткен.

Сол күні тергеушілер ҚР ҚК-нің 192-бабымен («Қарақшылық») сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ал криминалдық полицияның жедел уәкілдері күдіктінің жеке басын анықтау бойынша барлық қажетті іс-шараны жүргізді. Сыртқы қызметтердің жеке құрамын бағдарлап, жақын маңдағы дүкендердің сатушылары мен көпқабатты үйлердің тұрғындарынан сұрастырып, сипаттамасы бойынша фотороботты құрастырды. Күдіктінің белгілері бар бағдарлар көрші өңірлерге де жіберілді.

Нәтижесінде бір тәулік ішінде полицейлер күдіктіні үйінен ұстап, полиция басқармасына жеткізген.

«Сотқа дейінгі тергеу барысында тергеушілер ұрлықты жасыру мақсатында кассирдің қарақшылықты өзі ұйымдастырғанын анықтады. Көмекке ол өз танысын тартқан. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 419-бабы «Көрінеу жалған сөз жеткізу« бойынша тергеу жүргізілуде» - делінген Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабараламады.


Соңғы жаңалықтар