Шымкент тұрғынынан тапанша мен оқ-дәрілер тәркіленді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласының тұрғынынан тапанша тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шымкент қаласы полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтаған 31 жастағы азаматты анықтады. Жедел уәкілдер күдіктінің жеке басын тінту барысында одан 9 мм Макаров тапаншасы мен 3 дана оқ-дәрі тәркіледі.
«Сот-баллистикалық сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген қару 9 мм атуға жарамды жауынгерлік тапанша екені нақтыланды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркелді. Бүгінгі күні қаруды заңсыз сақтау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», - делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Фото: Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметі