Шымкент зауытында өңделетін мұнай көлемі жылына 9-12 млн тоннаға дейін артады
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Кешенді жоспарын бекіту туралы» Үкімет қаулысы көпшілік талқылауға шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2023-2027 жылдарға арналған ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілсін. Энергетика министрлігі, Кешенді жоспардың орындалуына жауапты ұйымдар (келісім бойынша) Кешенді жоспарда көзделген іс-шаралардың уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етсін. Жауапты ұйымдар жылына екі рет, есепті жартыжылдықтан кейінгі 5 шілдеден және 5 қаңтардан кешіктірмей Кешенді жоспардың орындалу барысы туралы ақпаратты Энергетика министрлігіне ұсынсын. Жоспардың орындалуын бақылау және үйлестіру Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне жүктелсін», - делінген «Ашық» НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасында.
Алдағы 5 жыл ішінде қол жеткізу жоспарланып отырған нәтижелер:
- орнықты дамуды қамтамасыз ету, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және бизнестің экономикалық белсенділігінің өсуі үшін қолайлы жағдайлар жасау;
- ел бойынша мұнай өндіру деңгейін арттыру;
- газ өндіру көлемін ұлғайту және тиісінше шикі газдың қосымша көлемін қайта өңдеу, ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету;
- аралас салаларда өнеркәсіп өндірісін дамыту (құрылыс, автоөнеркәсіп, медицина, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және басқалар), сондай-ақ Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 6-дан 9-12 млн тоннаға дейін арттыру;
- жетілген кен орындары жаңа ынталандырушы салық режиміне көшеді.
Құжат16 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады. Кейін қол қою үшін Премьер-Министрге жолданады.