Шымкент зауытындағы жарылыс себебіне қатысты алғашқы болжам айтылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент зауытында болған оқыс оқиғаға қысқа тұйықталу не сөнбей қалған темекі тұқылы себеп болуы мүмкін, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Шымкент зауытындағы жарылыс себебіне қатысты алғашқы болжам айтылды

«Май 75 шаршы метр аумаққа төгілген. Себебі - қысқа тұйықталу немесе жұмысшылар май төгілген кезде темекі шеккен. Қазір сараптама тағайындалды. Нәтижесі шыққан соң себебі нақты белгілі болады», - деді облыстың ТЖД бас маманы Нұрдәулет Молданиязов. Бұдан басқа, полицияда жарылыс фактісі бойынша ҚР ҚК 156-бабы бойынша сот алды тергеу жүріп жатыр.  

Еске салсақ, оқиға кеше кешке орын алды. Мотор майын КамАЗ цистернасына құю уақытында май өртенген. Артынша контейнер жарылды. Салдарынан бір адам оқиға орнында көз жұмса, екеуі ауруханаға жеткізілді. 31 жастағы ер адамның денесін 95 пайыз күйік шалды.

Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы аса ауыр. 49 жастағы КамАЗ жүргізушісінің денесі 35 пайыз күйген. Ол ауыр жағдайда жатыр. Алайда дәрігерлер оны аман алып қалу мүмкін екенін айтуда.