Шымкентке Өмірзақ Шөкеев бастаған республикалық ақпараттық топ келді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентке ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев бастаған республикалық ақпараттық топ келді. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру мақсатында келген топ мүшелері қала активімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиында Өмірзақ Шөкеев Жолдау аясында Үкіметке нақты тапсырмалар берілгендігін, негізгі бағыттар айқындалып отырғанын атап өтті. Алдағы уақытта шаруалар мен кәсіпкерлерге экспорттық әлеуетті артырып, санға емес, сапаға жұмыс істеу керектігін жеткізді.
«Жолдаудың бірінші тапсырмасы аясында Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешенді басым бағыттардың бірі ретінде атап өткен еді. Және еңбек өнімділігі мен өңделген өнімдерді экспорттауды 2,5 есеге арттыру міндетін қойды. Ауыл шаруашылығы өндірістік кешенін қолдаудың жоспарланған iс-шаралары үш блокқа бөлінуі мүмкін: жүйе, индустрия және нақты инвестициялық жобалар. Өнеркәсіп мемлекеттік тетіктер жетілдіріліп, мемлекеттік қолдау көлемі артады. Сондай-ақ, тиімсіз субсидияларды қысқарту жоспарланып отыр. Жалпы, Елбасының әр Жолдауы - маңызды оқиға. Барлықтарыңызды Елбасының сенімін ақтауға шақырамын», - деді Өмірзақ Шөкеев.
Өз кезегінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та Елбасы Жолдауында көрсетілген міндеттеді орындау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын айтып өтті. Алдағы уақытта «Шымкент» агро-индустриалды аймағы құрылатынын жеткізді. Әкімнің сөзінше, аталған жобада аграрлық секторды экономиканың жаңа қозғаушы күштеріне айналдыру қажеттігі ескеріледі. Оған 20 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылып, 40 кәсіпорын ашу жоспарланған. Нәтижесінде Шымкентте бүкіл ауыл шаруашылығы өнімін өңдейтін кластер жасалып, 2022 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 67,5 млрд теңгеге жеткізілмек.
Жиын барысында сала мамандары мен зиялы қауым өкілдері Жолдаудағы міндеттердің орындау бойынша бірлесіп, өзара ынтымақтастықта жұмыс істеу қажеттігін айтты.