Шымкентте 1,5 жасар қыз бала жоғалып кетті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте 1,5 жасар бүлдіршін жоғалып кетті. Жания есімді қызды анасының жүйке ауруымен ауыратын әпкесі ертіп кетіп, қайтып оралмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
6 қыркүйек күні Абай аудандық полиция бөліміне 23 жастағы келіншек арызданған. Ол тәртіп сақшыларына Маржан Тағайбеккызы есімді туған әпкесі кішкентай қызын алып, із-түзсіз жоғалып кеткенін айтыпты. Яғни, жүйке аурулары диспансерінде тіркеуде тұратын 26 жастағы тұрғын бүлдіршін қызды алып қашып кеткен. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары жедел іздестіру шараларын жүргізіп, кішкентай Жания мен науқас әпкесіне іздеу жариялады. Әзірге жоғалған екеуі де табыла қойған жоқ.
Жоғалған бүлдіршіннің белгілері: бойы - 50-55 см, шағын денелі, шаштары қара, қысқа, қасы-көзі қара. Үсінде көк футболкасы бар.
Жоғалған әйелдің белгілері: бойы 150-155 см, толық денелі, шаштары қара-қоңыр, қысқа, көзі мен қасы қара. Үстінде көк футболка мен көк джинсы шалбар, аяғында қара туфли болған.
Егер осы жандарды көрген білгендер болса, Абай аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне 56-02-62 нөміріне несеме «102» хабарласуларына болады.