Шымкентте 11 жасар жеткіншектің мәйіті табылды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте 11 жасар жеткіншек әлденеден уланып қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Еңбекші ауданының Маятас елді мекеніндегі Жалын көшесі бойында орналасқан жеке тұрғын үйде болған.
Таңғы сағат 6.30 шамасында жедел медициналық көмек қызметінен Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің кезекші диспетчер қызметіне хабар түскен.
«Туыстары 11 жастағы жасөспірімнің мәйітін жуынатын бөлмеден тапқан. Өлімнің себебі анықталып жатыр, сот-медициналық сараптама тағайындалды», - делінген Шымкент қаласы ТЖД қоғаммен байланыс жөніндегі тобы таратқан ақпаратта.