Шымкентте 18 метрлік шырша орнатылды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Шымкент қаласында бас шыршаның шамы жағылды. «Армандар жұлдыздай жарқырасын!» атауымен ұйымдастырылған мерекелік іс-шара әкімшілік іскерлік орталықтағы «Астана» алаңында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңа жылдың басты символының биіктігі – 18 метр. Шырша 120 дана иллюминация ақшақармен, 360 дана ойыншықпен, 424 дана гирляндамен безендірілді. Көше бойына 80 жарықдиодты шам орнатылды.
Одан бөлек, алаңға қойылған 56 дана шағын сәулеттік мүсін мерекенің көркін ашты. Қаланың әр аймақтарында жетпіске жуық фотоалаңдар орнатылды. Оның ішінде шырша символдары, шағын сәулет нысандары және жаңа жылдық безендірудің басқа да элементтері бар. Мерекелік шара жас баланың арманын суреттеп, ертегі әлеміне алып баратын театрландырылған қойылыммен басталды.
Шырша шамын жағу рәсімі сән-салтанатымен өтіп, балаларға ерекше қуаныш сыйлады. Іс-шараға қатысушылар мен қала тұрғындары естелік суретке түсіп, мерекелік көңіл-күйге бөленді.