Шымкентте 227 спортшы жекпе-жек сайысынан ел біріншілігінде бақ сынайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 24 мен 26 наурыз аралығында Шымкент қаласында Әлия Юсупованың көркем гимнастика мектебінде ерлер мен әйелдер арасында жекпе-жектен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді.
Ел біріншілігін ұйымдастыру комитетінің хабарлауынша, жарысқа республиканың әр өңірінен және Астана мен Алматы қалаларынан жасақталған 55, 60, 65, 70, 75, 80, 85, 90 және 90 келіден жоғары 9 түрлі салмақ дәрежесінде 15 құрама топ сынға түседі.
Әр өңірден жасақталған құрама командалар білікті спортшылар жасақталған. Олардың қатарында 8 халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, 29 спорт шебері мен 87 спорт шеберлігіне үміткерлер және түрлі шеберлік дәрежесі бар.
Спортшылардың шеберлігін ұлттық санаттағы төрешілерден құралған төрешілер алқасы бағалайтын болады. Төрешілердің көшін ұлттық санаттағы төреші Ринат Әбікешов бастаса, бас хатшының қызметін ұлттық санаттағы төреші Абай Қайырбеков атқарады.
Жеңіс тұғырына шығуға, бақ сынасуға келген қазақстандық спортшылардың саны 227 болса, олардың 27 әйелдер.
Аталған дүбірлі доданы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің қолдауымен «Жекпе-жек сайыстан бүкілқазақстандық қауымдастығы» және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру комитеті ұйымдастырып отыр.
Чемпионаттың нәтижесінде іріктеуден сүрінбей өтіп, ең үздік деп танылған жеңімпаз спортшылардан Қазақстан Республикасы жекпе-жек сайысының ұлттық құрама командасы жасақталатын болады.