Шымкентте 36 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматқа әлеуметтік қолдау көрсетілуде
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте 36 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі азаматқа әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Сала мамандары қимыл-қозғалысы нашарлаған 3 147 азаматты протездік-ортопедиялық көмекпен және техникалық көмекші құралдармен қамтамасыз еткенін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда шаһарда 3 мыңнан аса бірінші топтағы және 26 мыңнан аса жарымжан жан тұрады. Ал, 18 жасқа дейінгі 5 993 мүгедек бала әлеуметтік қорғауға алынған.
Биылғы жылдың 11 айында басқарма мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша ауқымды жұмыс жүргізген. 7 469 азаматқа сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдар және есту аппараттары берілген.
661 мүгедекке қол арба таратылып, жеке көмекші мен ымдау тілі мамандары 1 922 азаматқа қызмет көрсетті. Сондай-ақ, 6 252 азаматқа шипажай орындарына емделуге жолдама табысталған.
Қимыл-қозғалысы шектеулі жандарға арнайы жабдықталған 19 «Инватакси» қызмет көрсетіп, діттеген жерлеріне жеткізіп отыр. Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге 377 жолдамаға өтініш қабылданды. Медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге 326 жолдама берілген.