Шымкентте 5 және 8 жасар екі қызды зорламақ болған күдікті ұсталды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте кәмелетке толмаған екі қызға қатысты сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
11 маусым күні полицияға біреу жасөспірім қыздарды зорламақ болғаны туралы ақпарат түскен. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Ол қылмыстың санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жиырма жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді.
Сол күні полиция қызметкерлері 5 жастағы және 8 жастағы кәмелетке толмаған қыздарға қатысты жасалған қылмысты ашу үшін Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлерінен құралған арнайы жедел тергеу тобын құрды.
Күдіктінің жүрген жерін анықтау мақсатында полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізіп, қылмыс орын алған аудандағы тұрғын үйлерді тексерді. Жедел-тергеу тобының жедел іс-қимылының, сондай-ақ азаматтардың көмегінің арқасында аталған қылмыстарды жасаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Бұрын сотталмаған, жұмыссыз, үйленбеген. Ұсталған азамат өз қылмысын мойындады.
Тиісті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Айта кету керек, екі жайт та бір күні, әртүрлі жерлерде және әртүрлі уақытта жасалды. Күдікті ата-анасының бақылауынсыз жүргенін пайдаланып, кәмелетке толмаған балаларды түрлі сендіріп, таса жерге алып кеткен.