Шымкентте 51 отбасыға тұрғын үй көмегі ретінде мемлекет қаржысы заңсыз беріліп келген - Прокуратура

АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жақында Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласының прокуратурасы Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде халықты әлеуметтік қорғау заңнамасы талаптарының сақталуына тексеру жүргізген болатын.

Шымкентте 51 отбасыға тұрғын үй көмегі ретінде мемлекет қаржысы заңсыз беріліп келген - Прокуратура

Нәтижесінде қаладағы 51 отбасыға тұрғын үй көмегі ретінде жергілікті бюджеттен мемлекет қаражаты заңсыз беріліп келгені анықталды.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлады.

«Тұрғын үй көмегін көрсету туралы» Ереженің 4 тармағына сәйкес, тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен осы елді мекенде тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға беріледі. Алайда, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері заң талаптарын бұзған. Атап айтқанда, тұрғын үй көмегін алған 51 отбасының жеке кәсіпкер ретінде салық комитетінде тіркелгені және олардың аттарында бірнеше жылжымайтын мүлік пен автокөліктері бар екендігі анықталды», делінген баспасөз айғағында.

Нақтыласақ, прокурорлар ІІД ЖПБ-нан тиісті мәліметтерді ала отырып, аз қамтылған отбасы ретінде көмек алған Ф.Хасанның атында 2 автокөлік тіркелсе, оның күйеуі Р.Османның атында 26 автокөлік тіркелгенін анықтады. Дәл осылай, тұрғын үй көмегін алған Н.Османның күйеуі А.Османның атында 15 автокөліктің тіркелгені белгілі болған. Бұдан басқа, ОҚО Әділет департаментінің мәліметіне сәйкес тұрғын үй көмегін алған Р.Мухабайдың атында Бостандық көшесінде пәтер тіркелсе, күйеуі П.Таншаның атында Самал-3 мөлтек ауданында жер учаскесі тіркелген.

Жалпылама алғанда, 2007 - 2010 жылдар аралығында өздерінің кәсіпкерлік қызметпен айналысқанын және табыс көздерін жасырып, аз қамтылған отбасы ретінде 51 отбасы мемлекеттен тұрғын үй көмегі бойынша 3 825 334 теңге алған. Ал, аталған мәселеге жауапты бөлім қызметкерлері отбасылардан заң талаптарына сәйкес бірде-бір мәлімет сұрамай, мемлекеттік қаражаттың заңсыз жұмсалуына жол беріп келген. Тексеру нәтижесінде аудан прокуратурасымен Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының және Шымкент қаласы әкімінің атына заң бұзушылықтар салдарынан келтірілген шығынды мемлекетке қайтару, кінәлі қызметкерлерді қатаң жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізілген.