Шымкентте «7-20-25» бағдарламасымен үй алуға 77 адам өтініш берген
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Шымкентке Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшелері арнайы іс-сапармен келіп, аталған бағдарламаның орындалу барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Құрамына ҚР Мәжіліс депутаттары Азат Перуашев пен Берік Дюсембинов, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалыс кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев, Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов пен ҚХА төрағасының орынбасары Виталий Тварионас кірген комиссия мүшелері бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жергілікті билік пен кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдады.
Сапар барысында делегация мүшелері Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Студенттер үйіне барып, жаңадан салынып жатақханамен тынысты. Оқу орнының ректоры Ирина Ефимованың мәлімдемесіне сәйкес, биылғы оқу жылында университетте шамамен 7,2 мың студент оқиды. Олардың 2 мыңнан астамы биыл қабылданған. Ал, қыркүйек айында пайдалануға берілетін жатақханаға 500 студент орналастырылмақ. Студенттер үйінде жастарға қажетті барлық жағдай жасалған. Оқу орнының өкілі 8 гектар аумақта орналасқан студенттік кешенде тағы 20 жатақхана, сонымен қатар спорттық-тұрмыстық кешендер салу жоспарланғанын атап өтті.
Ал, қала басшыларының сөзінше, Шымкентте 10 мың жасқа арналған «Студенттер қалашығын» салу жоспарда бар. Оның құрылысын жүргізуге жергілікті компаниялар қызығушылық танытып отыр.
«Қазір қалашықты салуға қатысатын компаниялардың қаражатын қайтару механизмдері қарастырылып жатыр. Бүгінде қалашықтың жобалау-сметалық құжаттары дайын. Егер ҚР Білім министрлігі тарапынан бұл жоба қолдау тапса, құрылыс 2-3 жылдың көлемінде салынып, тапсырылады»,- дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев.
Республикалық кеңестің өкілдері сондай-ақ үшінші мегаполистегі «7-20-25» бағдарламасы бойынша ашылған «Бірегей ақпарат орталығына» да барды. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру мен тұрғын үйді сатып алғысы келетіндерге көмектесу үшін үшін ашылған орталық Шымкент әкімдігінің фронт-офисінде орналасқан. Мұнда банк өкілдері мен құрылыс компанияларының қызметкерлері тұрғындарға «7-20-25» бағдарламасымен баспаналы болудың жолдарын түсіндіріп, құжаттарын қабылдайды. Дегенмен, әзірге шаһарда 36 мың адам үй кезегінде тұрса да, аталған бағдарламамен небәрі 28 адамның құжаты қабылданған. Бұл көрсеткішке көңілдері толмаған депутаттар жергілікті билік басшыларына көбірек үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, туындаған проблемаларды ортаға салу керектігін ескертті.
Республикалық кеңестің мүшелері бұл күні «Ақжайық» ықшамауданындағы тұрғын үйлердің құрылысымен де танысты. Айта кетейік, қазіргі уақытта «7-20-25» бағдарламаларын іске асыруға сегіз тұрғын үй кешенінің 136 пәтері дайын, ал екінші жартыжылдықтың соңына дейін 275 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Олардың басым көпшілігі - 2-3 бөлмелі пәтерлер. Сонымен бірге, Ұлттық Банктің деректері бойынша тамыз айының ортасында Шымкент қаласында 662,6 млн теңгеге тұрғын үй заемдарын алуға 77 өтініш келіп түскен.
«Бұл бағдарлама, біріншіден, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қол созу болып табылады. Екіншіден, құрылыс саласына серпін беруді көздейді. Ал, егір біз шартты тек осы 15 млн теңгемен ұстасақ, ертең құрылыс материалдары қымбаттағаннан кейін бірқатар компанияларсыз қалып кетуіміз мүмкін. Ол да дұрыс емес. Сондықтан баспана бағасын 15 млн теңгемен шектемей, одан да жоғары көтеру жағын ұсынамыз» ,- деді қоғамдық кеңестің мүшесі, ҚР Мәжіліс депутаты Азат Перуашев.
Делегация мүшелері сапар барысында Шымкент қаласындағы кәсіпкерлер палатасының директоры мен өзге де өңірдегі белсенді кәсіпкерлерімен кездесті. Президенттің «бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыруда бизнес өкілдерін белсенді болуға шақырып, олардың мәселелерін тыңдады. Басқосуда микрокредиттің кеңеюіне, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға және Шымкентте өнімді жұмысқа орналасуға ерекше назар аударылды.