Шымкентте 78 ерлі-зайыпты ажырасудан бас тартты
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте 78 ерлі-зайыпты ажырасудан бас тартып, татуласқан. Бұл туралы жуырда қаланың бас имамы Бақтыбай Бейсенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қаласында Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте есеп берген бас имам үшінші мегаполистегі діни тұрақтылық пен елдің ауызбіршілігін нығайту бағытындағы атқарылып отырған жұмыстар барысын баяндады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелерді шешу бойынша тапсырмасын орындау мақсатында дін қызметкерлері тарапынан тиісті жұмыстар жасалып жатқанын атап өтті.

«Мешіт жанынан «Діни, рухани кеңес беру», «Ана мен бала» бөлмелерін аштық. 91 отбасымен жеке кездесу өтіп, 310 сұраққа жауап берілді. Жұмыс нәтижесінде 78 отбасы қайта татуласып, ажырасу туралы шешімдерінен бас тартты. Мешітімізде call center жұмыс істейді. Телеграмм желісі ашылып, онда 9 дін қызметкері сұрақтарға жауап береді. Телеграмм желісіне 1460 адам тіркелген. Тек соңғы екі ай көлемінде 1575 сұраққа жауап берілді»,- деді Шымкент қаласының бас имамы Бақтыбай Бейсенбаев.
