Шымкентте «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылды
Кеңседе кез келген азамат билік институттарына сенім арта алады. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда халық мемлекеттік қызмет көрсету, білім, әлеумет, сәулет және қала құрылысы мен жер қатынастары салаларына қатысты ақпарат алып, қажетті құжаттарын тапсырады.
Айта кетейік, Шымкентте «Адалдық алаңын» құру бастамасы қала әкімдігі тарапынан қолдау тапты. Себебі, кеңсенің қызметі халыққа сыбайлас жемқорлықтан құтылуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта агенттік қызметкерлері жобаның тиімділігін бағалау үшін әлеуметтік зерттеу жүргізбек.
«Бұл жоба қала тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Сондай-ақ қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезінде азаматтық қоғаммен тығыз өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді деп үміттенеміз»,- деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов.
Мұнан соң, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде болып, ондағы «Smart Square» студенттерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Бұл жүйе сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың бір бағыты саналады. Орталықта ізденушілерге 200-ге жуық қызмет көрсетіледі. Мұнда 50 адам жұмыс істейді. Студенттер өз-өзіне қызмет көрсету арқылы бюрократияны жоя алады.