Шымкентте әдістемелік орталықтың қызметкерлері тергеушіге 6 млн теңге пара бермек болған

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Қаржылық мониторинг агенттігі Шымкентте 36 млн теңгені жымқыру дерегін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шымкентте әдістемелік орталықтың қызметкерлері тергеушіге 6 млн теңге пара бермек болған

Ведомствоның Шымкент қаласы бойынша аумақтық департаменті Түркістан облысы әкімдігінің білім басқармасы әдістемелік орталығының басшысы мен екі қызметкеріне, сондай-ақ, Шымкент қаласының серіктес-тұрғынына қатысты 36 млн астам теңгені жымқыру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

«Ақшалай қаражат орта мектеп оқушылары мен колледж студенттерін республикалық спорт іс-шараларына дайындау шеңберінде тамақтандыруға арналған еді. Жымқыру тиісті тізімдемеде спортшылардың қолдарын қолдан жасау арқылы жүзеге асырылды. Яғни, бюджеттен қаражат бөлінді, ал спортшыларды тиісті деңгейде даярлау жүргізілмеген», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, тергеу барысында айыпталушылар алдын ала сөз байласу арқылы оларға қатысты жүргізіліп жатқан тергеудің оң шешімі үшін ЭТД жедел қызметкеріне 6 млн теңге сомасында пара бермек болған.

«Әдістемелік орталықтың қызметкерлеріне 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс Шымкент қаласының прокуратурасында.

Өзге ақпарат жария етуге жатпайды», делінген хабарламада.