Шымкентте алаяқтық жасаған учаскелік полицей сотталды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте учаскелік полицей сотталды. Қылмыстық істі өндірістен қысқартып беремін деп алаяқтық жасаған тәртіп сақшысы бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қаратау аудандық сотында қаралған сот отырысында учаскелік полицейдің қалай қылмыс жасағаны айтылды. Белгілі болғандай, айыпталушы Қаратау полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінде учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарып жүріп, алаяқтық әрекет жасаған. Өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, Сайрам тұрғын үй алабы тұрғынына қатысты қозғалған қылмыстық істі өндірістен қысқартып беремін деп алдаған. Сөйтіп күдіктіден 400 мың теңгесін алыпты. Алайда тәртіп сақшысының алаяқтық әрекеті әшкере болып, оны өзіндік қауіпсіздік қызметі қолға түсірді.
Учаскелік полицейдің үстінен Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен іс қозғалып, қылмысы толығымен дәлелін тапты.
Қаратау аудандық сотының үкімімен айыпталушы үш жарым жылға бас бостандығынан және құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды. Оның полиция капитаны шені алынып, алаяқтық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкі тәркіленді.
Сондай-ақ, іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы тарапынан қылмыстық-процестік заңнаманың талаптары сақталмауына байланысты Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысының назарын аудару үшін жекеше қаулы қабылданды.