Шымкентте алдағы жылы 1045 дәрігер білімін жетілдіреді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкенттік 1045 дәрігер келер жылы білімін жетілдіретін болады.

Шымкентте алдағы жылы 1045 дәрігер білімін жетілдіреді

Қала әкімі Ерлан Айтаханов мәслихаттың кезекті отырысында медициналық қызметтердің сапасын арттырып, дәрігерлер біліктіліктерін көтеру үшін 2020 жылы бюджеттен 186, 9 млн теңге қаражат бағытталатынын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында шаһар басшысы сондай-ақ, 2020 жылы 150 орындық оңалту орталығы салынатынын атап өтті.

Бұл орталықтарда бір мезетте 150 азаматқа ем-дом көрсетіледі деп жоспарлануда. Бқдан өзге мүмкіндігі шектеулі жандарды курорттық емделуге жолдауға, міндетті гигиеналық және сурдо-тифло, протез құралдарымен қамтамасыз етуге, қоларба сатып алуға 3609 млн теңге қаралып отыр. Ал, «Асыл жүрек» ардагерлерді сауықтыру орталығының филиалдары келесі жылы қаланың басқа аумақтарында да ашылады деп жоспарланған.

2020-2022 жылдары 10 мектеп және 20 денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жеке инвесторлармен бірлесе жүргізілетін болады. Қаржының 85 пайызы инвестор есебінен, 15 пайызы «Шымкент» ӘКК арқылы қайтарымды түрде бюджеттен қаралған. Сондай-ақ, медицина саласында 25 жылдық тәжірбиесі бар түркиялық «Орхун Медикал» ЖШС-мен құны 4,1 млрд теңгені құрайтын онкологиялық орталыққа соңғы үлгідегі (ПЭТ) заманауи позитронды-эмиссионды томография, циклотрон қондырғысын орнату және емхана салу бойынша меморандум жасалған.