Шымкентте алғаш рет медицина қызметкерлерінің аллеясы ашылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік күні қарсаңында Шымкент қаласының «Абай» саябағында Медицина қызметкерлерінің аллеясы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте алғаш рет медицина қызметкерлерінің аллеясы ашылды

Елімізде алғаш рет ашылған аллея өңірдің «Оңтүстік медицина қызметкерлері қоғамдық бірлестігінің» бастамасымен және өңірдің Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен бой көтерді.

Ескерткіштің ашылуына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен облыстық мәслихат депутаттары,  медицина қызметкерлерінің ардагерлері мен  дәрігерлері, медициналық жоғары және орта білімді оқу орындарының қызметкерлері мен студенттер қатысты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында аллеяда үш тас белгі орнатылған.

Алғашқы таста  Қазақстан Республикасы дәрігерлерінің антынан үзінді келтірілген.

Екінші үлкен таста қазақтың алғашқы шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының мүсіні бейнеленген. 525 жыл бұрын өмірден өткен азамат шипагерлік саласында өз заманының үздігі болған. Әрі халқымызға өшпес мұра қалдырған.

Ал үшінші тас белгі өзгені құтқарамын деп өз жанын пида еткен медицина қызметкерлеріне арналған. Демеушілердің есебінен салынған бұл аллеяға танымал сәулетші Асқар Мамырбаев пен мүсінші Әбдікәрім Ахметов және құрылысшы Руслан Ысқақовтың еңбектері сіңді. Жиында ескерткіштің бүкіл оңтүстік өңірінің медицина қызметкерлерінің ынтымағы мен бірлігін айғақтайтын «символ» екенін айтқан аймақ басшысы оны орнатуға үлес қосқан барша азаматтарға алғысын білдірді.