Шымкентте алғаш рет сот процесі электронды түрде өтті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте алғаш рет сот процесі электронды түрде өтті. Абай аудандық сотында өткен отырыста туысының үйін тонаған айыпталушының ісі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Электронды қылмыстық іс жүргізу» жобасы аясында қаралған іс бастан аяқ электронды түрде жүргізіліп, сотқа жолданған. Сот процесіне қатысқан прокурор мен судья, қорғаушы да әдеттегідей қағаз арқаламай, істі электронды түрде қарады. Сот қызметкерлері бұл өз кезегінде жұмыстың тиімділігін арттыру мен тергеу уақытын қысқартуға және қаржылық жағынан үнемділікке алып келетінін айтады.
Сотта айыпталушы туысының үйінен жылытатын пешті ұрлап, базарға апарып сатқан. Ол өзінің кінәсін толық мойындап, жәбірленушіге барлық шығындарын өтеп беріпті. Соңынан әпкесімен бітімге келіп, жәбірленуші тарап кешірім беретіндігін айтты. Тараптар тыңдалып болған соң, сот айыпталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатты.
Айта кетейік, бұл жоба өткен жылы Түлкібас ауданында сынақ ретінде жүргізілген болатын. Енді судьялар жеңіл қылмыс түрлері бойынша сот отырыстары электронды түрде өтетін болады деп отыр.