Шымкентте алты шағынауданға электр желісі тартылады
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Биыл Шымкентте алты шағынауданға электр желісін тарту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ 6 мыңға тарта тұтынушы сапалы электр желісіне қосылады. Бұл туралы шаһар басшысы Нұрлан Сауранбаевтың халыққа берген есебінде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әкімнің сөзінше, электр желісін тарту жұмыстары Самал-1, Тассай, Оңтүстік, Бозарық-1,2,3, Қайтпас-1 және Нұртас шағынаудандарында жүргізу жоспарланып отыр. Бұған дейін аталған аудандардың тұрғындарды жекеменшік трансформаторларға қосылып, сапасы төмен әрі тарифі жоғары электр қуатын тұтынып келген. Қала басшысының есепті кездесуінде Бозарық қосалқы станциясының да жайы да сөз болды. Нұрлан Сауранбаев бұл ретте Бозарық және газ тарту жүйесінің (АГРС) құрылысы жуық арада шешілетінін айтты.
«Қосалқы станцияның құрылысы басталған. Алайда мердігер компания өз міндетін орындамағын себепті Жоғарғы сот шешімімен жосықсыз деп танылды. Жақын арада тағы конкурс ұйымдастырылып, мердігер анықталатын болады. Бозарық станциясы іске қосылғаннан кейін Астана-1,2 қосалқы станцияларының құрылысы аяқталады. Нәтижесінде қаланың солтүстік бөлігі сапалы электр желісімен қамтылатын болады. Ал, газ тарату жүйесінің құрылысы (АГРС) бойынша облыстық энергетика басқармасы тарапынан жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда»,- деді қала әкімі.