Шымкентте әр елдімекенге бір емхана салу қолға алынды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Емханада тіркелушілер саны 20 мыңнан аспау керек. Ал ол үшін әр елдімекенде емхана салынуы керек. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халықпен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
«Шымкенттіктер өз емханасына 20 минутта жетуі керек». Осылай деген қала әкімі қазір дәрігерлердің жүктемесін азайтып, медициналық көмектің сапасын арттыру басты мақсат екенін айтады. Сондықтан үшінші мегаполисте әр елдімекенге бір емхана салу жоспарланып отыр.
«Алдағы жоспар - емханаларға жүктемені 64 мыңнан 21 мыңға түсіру. Әр емханада 21 мың адамнан аспауы керек. 2022 жылы 28-мыңға жеттік, ал 2025 жылы 21 мыңға жетуіміз керек. Ол үшін әр елдімекенде емхана салуымыз керек», - деді Мұрат Әйтенов.
Шымкенттің бас дәрігері Нұрлыбек Асылбеков әр елдімекенге бір емхана салу жұмысы қарқынды жүріп жатқанын айтады. Мәселен, 60 мыңнан астам халық қоныстанған Қайнарбұлақ елдімекеніндегі емхана қазір тек 3 мың пациентке ғана қызмет көрсетеді. Сондықтан, бұл аумаққа үлкен медициналық мекеме салу жоспарда бар.
Жалпы қазіргі таңда қалада 51 емхана қызмет көрсетеді. Оның 14-і мемлекеттік, 37-і жекеменшік. Бірақ, қала әкімі қазір жекеменшік және мемлекеттік емханалардың халыққа медициналық қызмет көрсетуінде ешқандай айырмашылық жоқ екенін айтады. Сондықтан, алдағы уақытта жекеменшік-әріптестік ретінде салынатын медициналық мекемелер санын арттыру жоспарланып отыр.
«Көбі жекеменшік емханадан қашып жатады. Бұл дұрыс емес. Қазір екеуінің де қаржыландырылуы бірдей. Яғни, барлығы жан басына қаржыландыру бойынша қызмет көрсетеді. Сондықтан айырмашылық жоқ», - деді қала басшысы.