Шымкентте Асанбай Асқаров атындағы халықаралық турнир аяқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкентте бір аптаға созылған көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы атудан өткен халықаралық турнир мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ulttyqsport.kz сайтына сілтеме жасап.

Шымкентте Асанбай Асқаров атындағы халықаралық турнир аяқталды

Сегіз команда арасындағы дүбірлі бәсекеде оңтүстікқазақстандық спортшылардың десі басым болды.

Еске салып өтсек, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров атындағы бұл турнир биыл алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылып, ұлттық спорт түрлерінен өткен айтулы додаға Қытайдың ШҰАР Іле-Қазақ облысының командасы, Өзбекстан Республикасы мен Моңғолия елінің спортшылары қатысты. Көкпардан ХІІІ мәрте, аударыспақтан V мәрте, теңге ілу мен жамбы атудан алғашқы рет жалау көтерген жарыс Шымкент қаласының Орталық атшабарын апта бойы думанға бөледі.

Осы халықаралық турнир барысы ұлттық спортымыздың уақыт озған сайын өрісін кеңейте түскенін және бір айқын аңғартқандай болды. Қытайдың ШҰАР Іле-Қазақ облысындағы Қорғас қаласынан келген, құрамы кілең сайдың тасындай қазақ жігіттерінен жасақталған «Қазанат» көкпар командасы жүлделі орынға қол жеткізбегенімен еліміздің әйгілі командаларымен иық теңестіре сайысып, жанкүйерлер айызын қандырды. Ал, аударыспақтан өзбекстандық Алмар Ходжаев біздің балуандармен арыстандай алпарысып, ақырында үшінші орынға табан тіреді. Жамбы атуда моңғолиялық мерген Дунчук Отхонбиямба да жебесін желге ұшырмай, қола жүлдегер атанды.

Көкпардан ХІІІ рет өткен турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

1 орын - Оңтүстік Қазақстан облысы
2 орын - Жамбыл облысы
3 орын - Алматы облысы
4 орын - Атырау облысы
5 орын - Майлыкент-Түлкібас (ОҚО)
6 орын - Өзбекстан Республикасы
7 орын - ҚХР ШҰАР Іле-Қазақ облысы
8 орын - Ақтөбе облысы

Аударыспақтан V рет өткен турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

• орын- Қосалиев Біржан (ОҚО)
• орын - Ізбасаров Сырым (ОҚО)
• орын - Ходжаев Алмар (Өзбекстан)

Теңге ілуден І рет өткен турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

1 орын - Ізжанов Ғалымжан (ОҚО)
2 орын - Сапарбек Мағжан (ОҚО)
3 орын -Жәкішев Бердіғали (Ақтөбе)

Жамбы атудан І рет өткен турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

1 орын- Айкөз Ералхан (ОҚО)
2 орын- Елдос Бадашев (Жамбыл облысы)
2 орын - Дунчук Отхонбиямба (Моңғолия)