Шымкентте әскери қызметшілердің балалары өзара сайысқа түсті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -Шымкент қаласында әскери қызметшілердің балалары арасында спорттық жарыстар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарыс Елбасының мектептерде әскери-патриоттық тәрбие берудің рөлін күшейту туралы тапсырмасын іске асыру шеңберінде, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау, өскелең ұрпақ арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында өтті.
Спорт секцияларының тәрбиеленушілері Шымкент гарнизонының Армия орталық спорт клубы кешенінің базасында жеңіл атлетикадан сайысқа түсті. 70-тен аса бала өздерінің күштерін, төзімділіктерін, жылдамдықтары мен шапшаңдылығын паш етті. Жарыс қызу әрі тартысты өтті.
Қорытындысында, «Жас ұлан» командасының қатысушылары жеңімпаз атанса, екінші және үшінші орындарды «Мото- атқыштар» және «Ынтымақ» командалары сәйкесінше иеленді.
Естеріңізге сала кетсек, былтырғы жылдың басынан Қорғаныс министрлігі басшылығының қолдауымен Спорт комитеті - АОСК Қазақстан Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің балалары үшін спорт секцияларын ашты. Бүгінгі таңда 6 мен 16 жас аралығындағы 750-ден аса бала кәсіби түрде футбол, қазақ күресі, бокс, таэквондо, үстел теннисі, армиялық қоян-қолтық ұрыс және спорттың өзге де түрлерімен шұғылданады.