Шымкентте аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталуда
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте полицейлер бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталуда. Әл-Фараби аудандық соты Аудандық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің бастығын уақытша тергеу абақтысына қамау туралы шешім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық кірістер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында күдіктінің лауазымды қызметкер бола ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамына еніп, жұмыссыздарды әлеуметтік қорғауға бөлінген бюджет қаражаттарын жүйелі түрде әрі ұзақ мерзімде жымқырып жүргені анықталған. Қазіргі таңда қолды болған қаржылардың сомасы нақтылануда.
Айта кетейік, бұған дейін осы топтың 45 жастағы жетекшісі мен мүшелері ұсталған болатын. Оның үйі мен БМВ Х5 көлігін тінту барысында 180 банк картасы мен жеке кәсіпкерлердің 88 мөрі, азаматтардың 22 төлқұжаты мен 21 еңбек кітапшасы, сондай-ақ алтын бұйымдар табылған. Қазіргі таңда қылмысқы қатысы бар деген күдіктілер тергеу абақтысына қамалып, олардан жауап алынып жатыр.