Шымкентте аулада ойнап жүріп жоғалған 6 жасар қыз сауда орталығынан табылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттік полицейлер жоғалған баланы тауып, ата-анасына дін-аман тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шымкентте аулада ойнап жүріп жоғалған 6 жасар қыз сауда орталығынан табылды

Әл-Фараби ауданы полиция басқармасының «102» арнасына кешкі сағат 18:50-де жергілікті тұрғын арызданған.

Ол онда, алты жасар қызының үй ауласында ойнап жүріп, белгісіз бағытқа жоғалып кеткенін айтқан.

Алты жасар қызды табу үшін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ералы Жумаханбетовтың дабыл қағуымен әл-Фараби аудандық полиция басқармасына тапсырма берілді.

Іздестіру іс-шарасына тиісті басқарманың барлық жеке құрамы жұмылдырылды.

Тәртіп сақшылары аулаларды тексеріп, тұрғындардан жоғалған қыз туралы сұрастырды.

Сондай-ақ, кинологияның қызметтік иттерімен іздестірілді.

Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде кешкі сағат 20:00 де жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімі инспекторлары «Наурыз» шағынауданындағы «Nauryz Park» сауда орталығынан алты жасар қызды аман-есен тауып, ата-анасына жеткізді.

Өз кезегінде шымкенттік полицейлердің жедел әрекетіне риза болған қыздың ата-анасы алғысын айтты.

Осы орайда шымкенттік полицейлер ата-аналарды балаларына сақ болуға шақырады.