Шымкентте «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлері балалар үйіне сыйлық жасады
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» қызметкерлері қаладағы №3 балалар үйіне барып, сый-сияпат жасады.
Халықаралық балаларды қорғау күні бүлдіршіндерге қамқорлық көрсету корпорация қызметкерлері тарапынан дәстүрге айналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінде №3 балалар үйінде 4 пен 17 жас аралығындағы 68 бүлдіршін тәрбиеленуде. Филиал қызметкерлері оларға тәттілер мен жемістер әкеліп берді. Сондай-ақ, қажетті киім-кешек пен аяқ киімдер, ойыншықтар мен кітаптар сыйлады. Өз кезегінде жас жеткіншектер де қонақтарды қуана қарсы алып, мерекелік концертін ұсынды. Сахнаға шығып ән мен күйден шашу шашты.
«Балалардың күлкісі - баға жетпес дүние! Бөбектердің ересектерге деген сенімі басым. Біз сол сенімді ақтауға тиіспіз. Әрбір баланың дені сау болып, қамқорлыққа кенеліп, өз отбасын табуына тілектеспін. Біз балалардың бақытты және қауіпсіз балалық шағы үшін жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек!», - деді филиал директоры Данабек Исабеков.
Балалар үйінің директоры Қырмызы Қожамжарова болса корпорация басшылығына сыйлықтары үшін ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.