Шымкентте азық-түлік белдеуі құрылады
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте азық-түлік белдеуі құрылады. Бұл жөнінде ОҚО облыс әкімі ҚР Президентінің тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу бойынша өткен кеңейтілген мәжілісте айтты. Сонымен қатар, жиында Шымкент қаласының әкіміне қаланың даму жоспарына қатысты бірқатар тапсырмалар берді.
Шымкент қаласын агломерациялық орталық ретінде дамыту мақсатында және қала халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін облыстың аудандары мен Шымкент қаласының арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірістерін құруға байланысты меморандумға қол қойылады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ететін аграрлық секторда шағын және орта бизнес белдеуін құруды тапсырамын. Сонымен қатар, жасыл белдеу құру мақсатында бақтар мен орман аймағындағы жерлерге толық тексеру жүргізу қажет деп білемін», - деді облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов.
Сондай-ақ, Елбасының тапсырмаларына орай, өңірдің және аудан, қалалардың аймақтық даму картасы жасалады.