Шымкентте Бадам өзеніндегі көпір жөндеуге жабылады
Мұндай ақпаратты қалалық әкімдіктің өкілдері таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Шаһар басшылығының мәліметінше, мал базары маңындағы көпір қайта жөндеуден өтеді. Оның үстімен осы уақытқа дейін жеңіл және жүк көліктері өтіп келген болатын. Айта кетейік, Ташкент-Алматы бағытындағы тасжолдың (А-2) үстіндегі көпір 1960 жылы салынған. Соңғы 15 жылда оған ешбір жөндеу және алдын алу жұмыстары жүргізілмеген. Осыған орай 2016 жылы айналма жол күтіп-ұстау үшін Шымкент әкімдігінің қарамағына берілген.
Таяуда Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары көпірді қарап шықты. Соның нәтижесінде жөндеу туралы шешім қабылданып отыр. Жұмыстар 19 күнде аяқталады деп жоспарлануда. Осы аралықта көпір жабық болады.
Жеңіл көліктер және облысаралық Мақтаарал-Тараз-Алматы бағытындағы көлік қатынасы қала аумағынан, яғни Гагарин көшесі арқылы А-2 тасжолына шығу арқылы жүреді. Ал жүк және транзиттік көліктер КХ17 және КХ11 тасжолдарымен өтеді.